Қазіргі таңда әлемде робототехника ғылымы кеңінен қолданыс табуда.
Балабақшадағы робототехника мектепке дейінгі мекемелер жұмысында жаңа бағыт болып табылады. Бұл тек қана құрастыру ғана емес, сонымен қатар мектепке дейінгі жастағы балалардың техникалық болжаудағы дағдыларын, мақсатқа жету үшін жұмысты құру қабілеті және ұжымда жұмыс істей алу іскерлігін дамыту болып табылады. Осы мақсатта 2019 жылдың 1 сәуірі күні «Еркетай» шағын орталығында «Робототехника» кабинетінің ашылуына байланысты жиын өтті. Жиынға «Еркетай» шағын орталығының ата-аналары мен педагогтары қатысты. Алғы сөз «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры С.Б.Попченкоға берілді.
Робототехниканың қыр-сырымен қосымша білім беру педагогы М.А.Арзибеков бейне ролик арқылы таныстырып өтті. Ең алдымен ата-аналарды «STEAM ғаламшары» конструкторымен таныстырып, алдарына дайын карточкалар беріліп, «Кім жылдам?» ойыны ойнатылды. Ата-аналар практикалық жұмыста белсенділік танытты. «Mouse» және «Botley» роботтарының алгоритмдері және бағдарламаларымен таныстырылды. Ата-аналар өздеріне берілген тапсырмалар бойынша роботтармен жұмыстар жасады. «Mouse» роботы жиынтығы 5 ойын алаңынан, 48 карточкалардан тұрады. Ал «Botley» роботы 2 ойын алаңынан, 1 пульт , 40 карточкадан тұрады. Сонымен қатар жеңіл механизмдерді үйретуге арналған «Dizzi Fun Land» конструкторын құрастыру жолдары көрсетілді.
2019 жылдың сәуір айынан бастап, «Еркетай» шағын орталығында робототехника үйірмесі ашылатыны туралы айтылып өтті. Ата-аналар өз қызығушылықтарын білдірді.
Білімді, саналы, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу жолында дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отыра қызмет ету, еңбектену, іздену – бүгінгі мектепке дейінгі ұйым педагогтарының басты міндеті болып табылады. Сондықтан ең бастысы, шын ниетпен ықыластанып еңбектенсе, кез келген адам алдына қойған мақсатына жетеді деп ойлаймыз. Өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз еліміздегі робототехника саласын жетік меңгерген тұлға болып қалыптасатынына сенімдіміз.
Құрметті «Еркетай» шағын орталығының ата-аналары!
Сіз балаңыздың «Робототехика» үйірмесіне қатысқанын қаласаңыз, «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы №101 кабинетке келіп, ақпарат алуларыңызға болады.
https://center-dostyk.edu.kz/novosti-kz/190-robototekhnika-zaman-talaby.html#sigProIdb0b32f8403